Аймақтар • 22 Тамыз, 2018

Ақтөбе су қоймасын Сазды өзенімен қосатын су таратқыш келер жылы іске қосылады

500 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбе су қоймасын Сазды өзенімен қосатын су таратқыш құрылысының облыс орталығы аумағындағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін маңызы зор. Су таратқыш іске қосылысымен Сазды суы молайса мыңдаған гектар жас көшет сумен қамтамасыз етіледі.    

Ақтөбе су қоймасын Сазды өзенімен қосатын су таратқыш келер жылы іске қосылады

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев осы ауқымды жобаның жүзеге асырылуымен танысып шықты.

- Су таратқышты 2019 жылы мамыр айының басында іске қосуды жоспарлап отырмыз. Мың гектардан астам жерді үнемі суарып отырса қаланың жасыл белдеуі ұлғаяды. Бұл экологиялық жағдайды сөзсіз жақсартады, яғни нәтижесінде ауаға, ақтөбеліктердің денсаулығына оң әсерін тигізеді, - деді «Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалының директоры Бекзат Наметов.

Ол сондай-ақ, геолог Петр Котиктің БАҚ-та: су қоймасындағы су қаланы суару үшін жарамсыз деп жарияланған пікірін де жоққа шығарды.

- Өмірінің көп бөлігін осы салаға арнаған адам ретінде Ақтөбе су қоймасында жиналған көктемгі тасқын сулар таза әрі суаруға жарамды екенін жауаптылықпен айтамын. Ойланыңыз, су қоймалары жерлерді, соның ішінде өзіміз тамақ өсіріп отырған жерлерді сумен қамтамасыз ету үшін салынды емес пе?! Және ондай суды алдын ала тазартудың қажеті жоқ, ауыз суды ғана алдын ала тазартады. Бұдан басқа, түрлі қызметтер су қоймасынан үнемі су сынамаларын алады. Соңғы сынамалардың нәтижелері, алдыңғылар секілді судың суаруға жарамды екенін растап отыр. Бұл жерде сондай-ақ, су қоймасынан келетін судың төменнен емес, жалпақ бекітпе арқылы берілетінін түсіну керек. Ол таза, пайдалану нормаларына сай, - деп атап өтті маман.

Жалпы ұзындығы шамамен 15 шақырымдық жобаны үш кезеңде жүзеге асыру жоспарланған. Қазіргі таңда бірінші кезекті жүзеге асыру басталды. Соның аясында су тоғандары, сорғылау бекеті, су жібергіш қондырғы салынып, құбыр желілері төселеді, электр энергиясы жүргізіледі және Сазды өзенінің жағасы мен арнасы бекітіледі. Жұмысқа 250-ден астам адам мен 25 бірлік техника жұмылдырылған.

Су таратқыш іске қосылған соң Сазды өзенінің ағын суы бар су айдынына айналатыны да маңызды.

Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Аққұл: « Сағат сайын өзенге 500 текше су құйылады. Тұнған су болмайды – ешқандай иіс болмайды. Су таратқыш жобасын «Құрылыс консалтинг» Ұлттық орталығы» АҚ лицензиясы бар мекеме әзірлеген, барлық экологиялық, мемлекеттік сараптамалардан өткен. Бұдан өзге, ол Еуразиялық қайта құру және даму банкінің желісі бойынша қаржыландырылады. Сарапшылар банкті де мұқият зерттеген. Ешқандай теріс әсері болмайды. Қала, тұрғындар одан тек пайда көреді», - деген сенімде.

Темір Құсайын